
Сипаттама
QBQVET Diro Ag — иттің сарысуынан, плазмасынан немесе тұтас қанынан дирофилярия антигенін анықтайтын жедел тест. Кассета бір реттік, жинақта буфер мен тамшуыр бар; керегі — бір түтікше қан және он минут. Тест жағындыдан паразиттің өзін емес, Dirofilaria immitis ересек аналықтарының антигенін іздейді, сондықтан қан алу сәтінде микрофиляриялардың айналымда болуына тәуелді емес.
Мақсаты
Тест жүрек дирофиляриозын скрининг үшін қолданылады: макроциклді лактондармен маусымдық алдын алуды бастар алдында, ит жөтелгенде және жүктемені нашар көтергенде, шағылысуға дайындықта және жануарды шет елге шығарар алдында. Маса жылы маусымның көп бөлігінде белсенді болатын Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде мұндай тексеруді жыл сайынғы хаттамаға енгізген жөн.
Ауру туралы
Дирофиляриоз — Dirofilaria туысындағы нематодалар тудыратын паразиттік ауру; тасымалдаушысы — маса. Шаққан кезде түскен дернәсілдер бірнеше ай бойы тіндер бойымен қоныс аударады да, ересек күйінде өкпе артерияларына және жүректің оң бөлімдеріне орналасып, сонда жылдар бойы тіршілік етеді. Тамырлардың механикалық тітіркенуі мен созылмалы қабыну жөтел, ентігу, тез шаршағыштық береді, асқынған жағдайда асцит пен оң жақ жүрек жеткіліксіздігі дамиды. Ұзақ уақыт бойы ит сау болып көрінеді, ауру дәл скринингте табылады. Бөлек тұрған түрі — Dirofilaria repens тудыратын тері асты формасы: ол теріде түйіндер мен қышумен білінеді және антигендік тестпен анықталмайды. Дирофиляриоздың тағы бір қаупі — ересек құрттарды жою бақыланатын схеманы талап етеді: паразиттердің жаппай өлуі тромбоэмболия тудыруы мүмкін.
Қолдану нұсқаулығы
Материал: сарысу, плазма немесе ЭДТА қосылған тұтас қан.
1. Қан алыңыз; сарысу үшін ұйығанша қойып центрифугалаңыз, тұтас қанды жаңа күйінде пайдаланыңыз.
2. Кассетаны қаптамадан шығарып, оны да, буферді де, сынаманы да бөлме температурасына теңестіріңіз.
3. Жинақтағы тамшуырмен сынаманы үлгі терезесіне (S) енгізіңіз.
4. Сол жерге буфер қосыңыз — тамшы саны серияның қосымша парағында көрсетілген.
5. Кассетаны көлденең ұстап, нәтижені 10 минуттан кейін оқыңыз.
Оқу: C және T жолақтары — антиген табылды, T солғын болса да оң нәтиже; тек C — антиген табылмады; C жолағы жоқ — тест жарамсыз.
Ескерту: антигенді жыныстық жетілген аналықтар бөледі, сондықтан жұқтырғаннан кейін 6–7 айға дейін нәтиже теріс болады — жеті айға толмаған күшікті тексерудің мәні жоқ. Паразиттер саны аз болса не тек аталықтар болса да, жауап теріс шығуы мүмкін. Тест Dirofilaria repens-ті анықтамайды. Гельминтке қарсы емді бастар алдында нәтижені зертханада — микрофиляриялар микроскопиясымен, ИФА не ПТР арқылы — растап, рентген және эхокардиографиямен бірге бағалайды.
